Пентагон Қытайдың алпауыт компанияларын қара тізімге енгізді

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Пентагон Қытайдың алпауыт компанияларын қара тізімге енгізді. 

Арасында Alibaba, Baidu, тіпті әлемдегі ең ірі автоөндіруші BYD секілді компаниялар да бар. Құрама Штаттар: «қытайлық бірлестіктермен жұмыс істегенде, тәуекелдерді ескеру қажет», – дейді. Өйткені Қытай әскерімен байланысы бар деген қауіп басым қазір. Былтыр Президент Трамптың шығыстағы көршімізге енгізген тарифтерінен нәтиже шықпады. Енді екі елдің арасында жағдай қалай өрбуі мүмкін? Сарапшылар не дейді? 

Alibaba GROUP, Baidu, BYD компаниялары АҚШ-тың қара тізіміне енді. Бұдан бөлек, оған 80 қытайлық концерннің атауы іліккен. «Сарапшылар Құрама Штаттар нарықтан кетіңдер деп тікелей айтпаса да, соны меңзеп тұрғаны анық, – дейді. Өйткені Қытай әскеріне көмектеседі», – деп санайды. Бұл – санкция емес. Алайда соның алғышарты болуы ықтимал. Қазірдің өзінде қытайлық компаниялар үшін кедергілер көбейді. Енді мемлекеттік жобалар бойынша және Пентагонға қызмет ұсына алмайды. Сондай-ақ америкалық инвесторлардың қаржысына қол жеткізуі қиындайтын түрі бар. «Бұл арада Alibaba GROUP және Baidu компания басшылығы Вашингтон билігін сотқа береміз», – деп мәлімдеді. 

Alibaba GROUP мәлімдемесі

Alibaba GROUP Қытайдың әскери компаниясы емес. Пентагонның бізді АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін ұйымдар қатарына қосуы заңсыз. Компанияға жала жапқаны үшін сотқа шағымданамыз.

Осыған дейін Пентагон бұл тізімді биыл ақпанда жариялады. Алайда бірер минуттан соң, қайта алып тастаған. Өйткені сол кездегі  жоспар бойынша, Ақ үй басшысы наурызда Бейжіңге баруы тиіс еді. Десе де Ирандағы соғыстан кейін Президент Трамптың Бейжіңге жолы тек өткен айда түсті. «Әйтсе де, бұл кездесу екі державаның қол алысып, серттесіндей емес, керсінше қай салада бәсекелесетінін айқындап берді», – дейді сарапшылар. 

Крейг Синглтон, Foundation for Defense of Democracies зерттеу орталығының сарапшысы:

Пентагонның бұл тізімді қайта жариялауы екі елдің саммиттен кейінгі саясаты қай бағытта болатынын көрсетті. АҚШ пен Қытай бұрыннан бәсекелес. Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың бұл жолғы кездесуі мұны тоқтата алған жоқ. Қайта бәсекелестіктің қай салада жалғасатынын нақтылап берді.

Қытай Пентагонның бұл шешімін қатаң сынады. Мұнысын экономикалық шектеу емес, саяси қысымға теңеп, Құрама Штаттарға ескерту жасады. 

АҚШ пен Қытайдың жаңа текетіресі

Лин Цзянь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: – АҚШ ұлттық қауіпсіздікті сылтау етіп, Қытай компанияларын қара тізімге қосты. Біз Вашингтон билігін қателігін түзеуге және негізсіз қысымды тоқтатуға шақырамыз. Бейжің билігі қытайлық компаниялардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиісті шара қабылдайды.

АҚШ IT саласына бақылауды мейлінше күшейтіп келеді. Президент Трамп америкалық Nvidia компаниясының экспортын шектеп тастады. Яғни жасанды интеллект чиптерінің жаңа буынын Қытайға сатпаңдар. Әйтпесе бұл Бейжіңнің технологиялық қуатын арттырады деп алаңдайды. Қазір бұл нарықтың сөзсіз көшбасшысы – Nvidia. Қытай да қарап отырған жоқ. Huawei секілді компаниялар өз чиптерін шығарады. Алайда әзірге сапасы мен қуаты жағынан Nvidia-ға жетпей тұр. Ал компания басшысы Дженсен Хуанг алаңдауға негіз жоқ деп санайды. 

Дженсен Хуанг, Nvidia компаниясының басшысы:

Көбі Қытайға америкалық чиптерді жеткізсек, бес қаруын сайлап, күшейіп кетеді деп қорқады. Алайда мұны олар өздері де шығарып жатыр емес пе? Қытайда технологиялық индустрия жоқ деп ойлайтындар қатты қателеседі. Қытайлық компаниялар да өте мықты.

Жасанды интеллект Қытайдың табысын арттырды

Не десек те, жасанды интеллект Қытай экономикасының қозғаушы күшіне айналып келеді. Өйткені әлемде нейрожелі мен инновациялық технологияларға сұраныс артқан. Ал мұның инфрақұрылымына қажетті өнімдердің жартысынан көбін Қытай шығарады. Мәселен, өткен айда шығыстағы көршіміздің экспорты 19, ал импорты 27 пайызға өскен. Сөйтіп, биыл мамырда саудадан түскен пайдасы 105 млрд 400 млн долларға жетіпті. Мәселен, өткен айда Қытай 36 млрд доллардың чипін сыртқа шығарған. Есесіне жиһаз, ойыншық пен аяқ киім өндірісі қысқарыпты. Сарапшылар: «Бұрын Қытай экспорты арзан тауарларға сүйенсе, енді жасанды интеллект технологияларына негізделеді», – деп отыр. 

Бүгінде әлем жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Ал бұл жаңашылдықты игеруге жартылай өткізгіштер, қуатты компьютерлер, желілік құрылғылар, салқындату жүйелері қажет. Демек қай ел сол технологияларды шығарса,  сол ел жаһандық бәсекеде басымдыққа ие болмақ. 

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/773499-aks-alibaba-byd-baidu-dy-kara-tizimge-engizdi

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар