
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен ағымдағы жылдың 20–24 сәуір күндері Түркістан облысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы (РАТТ) мүшелерінің қатысуымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған кездесулердің негізгі мақсаты – халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіру, сондай-ақ қоғамда жат діни ағымдардың таралуының алдын алу және діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру болып табылады.

Іс-шаралар аясында облыс көлемінде жалпы саны 20-ға жуық кездесу өткізіліп, 700-ден астам тұрғын қамтылды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына республикалық деңгейдегі білікті мамандар мен сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, РАТТ мүшесі, сарапшы Раздыкова Гүлназ Мақсұтқызы, Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Халықов Медет Мұзапбарұлы, басқарманың діни экстремизмнің алдын алу бөлімінің басшысы Шопанова Бақытгүл Мақсотқызы, сондай-ақ «Ақниет» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды баяндамалар жасады.

Кездесулер барысында тұрғындарға «Дәстүрлі дін және жат ағымдар», «Деструктивті діни ұйымдардың психологиялық ерекшеліктері», «Дін және терроризм: үйлеспейтін ұғымдар», «Интернет кеңістігіндегі экстремистік мазмұндағы ақпараттардың қауіптілігі», «Дін саласындағы мемлекеттік саясат және ар-ождан бостандығы», «Жастардың шетелдік діни оқу орындарына кету себептері мен салдары» секілді маңызды тақырыптар жан-жақты түсіндірілді.
Ақпараттық жұмыстар түрлі форматта ұйымдастырылып, оған жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары, студент жастар, мемлекеттік қызметкерлер және өзге де әлеуметтік топ өкілдері белсенді қатысты. Кездесулер барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауаптар беріліп, пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Маңызды шаралар легі Сарыағаш ауданында да жалғасын тауып, өңір тұрғындары үшін мазмұнды әрі тағылымды кездесулер өткізілді. Бұл кездесулер қоғамда діни тұрақтылықты сақтау, жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
Жалпы, өткізілген іс-шаралар өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыруға, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға және зайырлы қоғам қағидаттарын нығайтуға өз үлесін қосты.
Сарыағаш аудандық ішкі саясат бөлімі





