
Қарағанды облысында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында аса ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы ер адам ұсталды.
Ол бопсалау фактісі бойынша бес жыл бойы халықаралық іздеуде болған.
Полицияның мәліметінше, арнайы операция Қарағанды қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде өткен. Тінту кезінде тәртіп сақшылары арнайы жабдықталған жасырын орынды тауып, күдіктінің сол жерде жасырынып жүргенін анықтаған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, ол қала тұрғынын қорқытып, күш көрсету арқылы 117 миллион теңге талап етуге қатысы бар. Ұзақ уақыт бойы ер адам құқық қорғау органдарынан бой тасалап келген.
Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов хабарлады.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: Ашық ақпарат көздерінен


