Мемлекет басшысына республикалық референдум нәтижесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша референдумның өтуіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттарын жолдады.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстандағы конституциялық өзгерістер екі ел арасындағы одақтастық қатынастар мен жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

– Жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесі Сіздің мемлекеттік институттарды нығайту және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуін қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларыңыз кеңінен қолдау тапқанын толық растады,– деп жазылған жеделхатта.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етіп, халықаралық аренадағы абырой-беделін нығайтатынына сенім білдірді.

– Осы маңызды саяси науқанға азаматтардың белсенді қатысуынан, сондай-ақ референдум нәтижесінен Сіз жүргізіп жатқан реформаларды бауырлас елдің халқы жан-жақты қолдайтынын анық көреміз, – деп жазылған Өзбекстан басшысының жеделхатында.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысын референдумның табысты өтуімен құттықтап, екіжақты қатынастардың одан әрі қарқынды дами түсетініне сенімді екенін жеткізген.

– Бұл тарихи уақиға еліңізді одан әрі өркендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам болатыны сөзсіз. Сіздің жетекшілігіңізбен ынтымақ-бірлігі жарасқан Қазақстан келешекке қол созып, халықаралық беделін дәйекті түрде нығайтып келеді, – деп жазды Садыр Жапаров.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев саяси жүйені жаңғыртуды және басқару моделін жетілдіруді көздейтін Конституцияның қабылдануын Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде сипаттаған. Оның пікірінше, бұл еліміздің серпінді дамуына және халықаралық аренадағы рөлінің күшеюіне оң септігін тигізеді.

Дереккөз: Ақорда

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp