
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Беларусь Республикасына ресми сапармен барды. Ол Минскіде ел Президенті Александр Лукашенкомен, Ұлттық жиналыстың Өкілдер палатасының басшысы Игорь Сергеенкомен және Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен кездесті.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесуде Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың зор ықыласы мен ізгі тілегін жеткізіп, халықтарымыздың арасындағы терең тарихи байланысты атап өтті. Ол екі ел Президенттерінің сенімді саяси қарым-қатынасының арқасында бүгінде Қазақстан-Беларусь байланысы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгеніне ерекше тоқталды.
Ерлан Қошанов Беларусь басшысына бүгінде Президент бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер, соның ішінде қоғамда кеңінен талқыланып жатқан жаңа Конституцияның жобасы туралы айтып берді.

Александр Лукашенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебіздерін жолдады. Ол қазіргі күрделі кезеңде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы парламентарийлердің рөлін ерекше атап өтті. Бұл орайда Беларусь пен Қазақстанның көпполярлылық пен егеменді мемлекеттердің дамуын қолдайтынын, халықаралық күн тәртібінде ортақ ұстанымға ие екенін айтты.
Игорь Сергеенкомен кездесуде парламентаралық диалогтан бастап екі ел арасындағы экономикалық, мәдени ынтымақтастыққа дейінгі кең ауқымдағы мәселелер талқыланды.

– Қазақстан мен Беларусь – сенімді стратегиялық серіктес. Мемлекеттер басшылары мұны үнемі айтып келеді. Екі ел арасында жемісті саяси диалог жолға қойылған. Өнеркәсіпте, машина жасауда және аграрлық салада кооперациялық байланыс кеңейіп жатыр. Екі мемлекеттің парламенттері де өзара қарым-қатынастың қарқынды дамуына зор үлес қосуда. Заң шығару ісінде тұрақты тәжірибе алмасу жолға қойылып, достық топтары белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатыр, депутаттарымыздың арасында бекем байланыс орнаған, – деді Мәжіліс спикері.
Өз кезегінде Игорь Сергеенко Қазақстан Беларусь елі үшін әрдайым уақыт сынынан өткен дос, стратегиялық серіктес әрі одақтас болып қала беретінін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша депутаттар заңнамалық жұмыс бойынша өзара тәжірибе алмасуды жалғастыруға, парламентаралық ұйымдар аясында, сонымен қатар достық топтары, салалық комитеттер мен парламенттер аппараттары желісі бойынша ықпалдастықты нығайтуға уағдаласты.

Ерлан Қошанов екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелерін Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен де талқылады.

Сапар аясында Мәжіліс депутаттары Минскідегі Жеңіс монументіне гүл шоғын қойды. «БЕЛАЗ» зауытына және «Хатынь» мемлекеттік мемориалдық кешеніне барып, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алды.
Дереккөз: ҚР парламенті мәжілісі


