
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ЕҚЫҰ негізгі институттарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоглумен, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) директоры Мария Телалианмен, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Ян Братумен, сондай-ақ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Кристофор Камппен кездесті.
ЕҚЫҰ Бас хатшысымен келіссөздер барысында Е.Көшербаев Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығының стратегиялық сипатын атап өтіп, ЕҚЫҰ шеңберінде жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясаты басымдықтарының бірі екенін айтты.
Тараптар ЕҚЫҰ-ның саяси-әскери, экономика-экологиялық және гуманитарлық өлшемдері шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, практикалық өзара іс-қимылды кеңейту және бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі


