
«Біз бәріміз халықаралық аренада болып жатқан үдерістердің куәсіміз. Геоэкономикалық тұрақсыздық пен болжап болмайтын жағдайлар кезінде бизнес өкілдеріне тән жасампаздық пен отаншылдық қасиеттер айқын көрінеді. Осындай кезеңде кәсіпкерлеріміздің қажырлы еңбегі мен еліміздің болашағына деген зор сенімі, сөзсіз, ерекше маңызды.
Ақыр соңында, сапалы өнім өндіру, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші ғана емес, ең бастысы, Қазақстанның гүлденуіне қосылған нақты үлес.
Ел Президенті ретінде мен кәсіпкерлік қауымға, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, тіпті алдымен осы залда отырған бизнес өкілдеріне шын жүректен құрметпен қараймын.
Мен сіздердің қабілеттеріңізге, іскерлік және адами қасиеттеріңізге сенемін. Сіздер – еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген, нағыз Қазақстан патриоттарысыздар.
Сіздер – нәтижеге және табысқа бағытталған адамдарсыздар, сондықтан өздеріңіз де айналаңызға оң энергия бересіздер. Сенімдімін, сәттілік әрқашан сіздердің жағыңызда болады.
Ежелгі заманнан белгілі: жетістік әрекетсіз, ынта-жігерсіз, қызғаншақ, әр мәселеге пессимистік көзбен қарайтын адамдардан алыс жүреді. Мұны әсіресе интернетке сағаттап шомып отыратын жастар жақсы біліп, есте сақтауы тиіс.
Шығыс даналығында айтылғандай, «ең қолайсыз жағдайдың өзінен үлкен мүмкіндік табылады». Сондықтан торығуға, күйзеліске салынуға болмайды. Керісінше, жаңа мүмкіндіктерді іздеп, жаңа биіктерді бағындыру қажет».
Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. Халықаралық қаржы институттарының есебіне сәйкес, аталған сегмент әлем бойынша жыл сайын 2 триллион доллардан аса табыс әкеле алады, сондай-ақ 50 миллионнан астам жұмыс орнын ашуға қауқарлы.
Бірқатар дамыған елде, мәселен, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Корея Республикасында креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 2-ден 7 пайызға дейінгі көлемін қалыптастырады. Сарапшылардың бағалауынша, креативті индустрияға салынған әр доллар қосылған құнның 2,5 долларын құрайды.
Қазақстанда креативті индустрияны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Біздің жастарымыз өте шығармашыл, олардың мінезі де, менталитеті де соған сай келеді. Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана».
Дереккөз: t.me/aqorda_resmi


