
10 қарашада жол жүрісі ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер 23 қарашадан бастап күшіне енеді.
Елді мекендерде жүк көліктерінің жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін шектелді. Бұл шектеу жол белгілерімен нақты жылдамдық көрсетілген учаскелерге қолданылмайды (мысалы, 80-90 км/сағ).
Жылдамдықты төмендету – жаяу жүргіншілердің қаза болу қаупін азайтуға бағытталған.
БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылдамдық 60–65 км/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 50 км/сағ-пен салыстырғанда 4,5 есе жоғары.
Көріну нашарлаған кезде (боран, тұман, қар, жаңбыр) жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында колонна жүрісі кезіндегі полиция қызметкерлері мен жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланды.
Патрульдік көлік құралдары ілесіп жүретін колонналарға қатысты талаптар да жаңартылды.
Дереккөз: Polisia.kz


