Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасын қарайды

Жалпы отырыста депутаттардың қарауына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы және қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша түзетулер ұсынылады. Құжаттар 2024 жылғы 2 қыркүйектегі және 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында Үкімет тарапынан әзірленген. Заң жобалары банк жүйесінің тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтынушылар құқығын қорғауды күшейтуге және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар Палатаға бірінші оқылымда тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді талқылау ұсынылады. Заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайдағы археологиялық қызметті реттеу туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген.

Жобада археологиялық жұмыстарды лицензиялау жүйесін өзгерту, Біріккен автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру, сондай-ақ Ұлттық археологиялық қызметтің құзыреттерін айқындау көзделеді.

Мәжілістің салалық комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алады. Олар – құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияларға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы, Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары. Сондай-ақ депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді жұмысқа алады.

Дереккөз: mazhilis.parlam.kz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар