
Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы: жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына басымдық берілуі қажет деді.
Премьер-министр өз сөзінде Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында берілген өңдеу өнеркәсібін дамытуға тың серпін бере отырып, экономиканы әртараптандыруды жеделдету жөніндегі тапсырмасына назар аударды.
«Бұл орайда, терең өңдеу өндірістерін дамытуға, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнімдерді шығаруға басымдық берілуі тиіс.
Салалық министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшыларына ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімдер арқылы отандық тауар өндірушілердің жүктемесін арттыру және оларды тапсырыстармен қамтамасыз ету мәселелерін тікелей бақылауға алуды тапсырамын.
Отандық шикізатты өңдеу барысында, бірінші кезекте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына басымдық берілуі қажет»,
— деп атап өтті.
Олжас Бектенов және жауапты мемлекеттік органдарға өңдеу секторына инвестиция тарту жұмысын күшейту үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
Дереккөз: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі