Президент конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті

Фото: Ақорда

Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба, Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.

Мемлекет басшысы елімізге сапармен келгені үшін меймандарға ризашылығын білдірді.

– Біз басқа мемлекеттердің озық конституциялық саясатымен бірге Венеция комиссиясының шешуші рөлін және оның үлгілі заң тәжірибесін бағалаймыз. Бұл – демократия институттарының дамуын айқындау және адам құқығына кепілдік беру ісіндегі басты бағдарымыз. Биыл Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толды. Осы орайда, аталған құжаттың жаһандық сын-қатерлер кезіндегі әлеуметтік үйлесімді, тұрақтылық пен қарқынды дамуды қамтамасыз ететін негізгі қызметін атап өткім келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қолға алынған ауқымды саяси, экономикалық және конституциялық реформалар жайында айтты. Президент Ата заңға енгізілген өзгерістер өкілді билік тармағы мен құқық қорғау институттарының рөлін нығайтып, атқарушы биліктің есеп беру міндетін күшейткенін жеткізді. Қайта жаңғырған Конституциялық сот әділ сот төрелігіне кеңінен жол ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда «Заң және тәртіп» қағидаты іске асырылып жатыр. Құқықбұзушылыққа қатысты жаза мен жауапкершілікті қатаңдатумен қатар халықтың құқықтық мәдениеті біртіндеп артып келеді.

Дереккөз: t.me/aqorda_resmi

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар