
Шымкент қаласында полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша халықаралық іздеуде болған күдікті ұсталды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, әйелдің Шымкент қаласының тұрғындарына қатысты бірнеше алаяқтық әрекетке қатысы бар. Келтірілген жалпы материалдық шығын 80 миллион теңгеден астам.
Полиция дерегінше, алаяқтық фактілердің бірінде күдікті алтын бұйымдар сатумен айналысатын кәсіпкердің сеніміне кіріп, зергерлік әшекейлерін заңсыз иемденген. Сонымен қатар, ол тұрғындардан шетелге арзан бағамен туристік сапар ұйымдастырамын деген сылтаумен ақша алып, уәде етілген қызметтерді көрсетпей, қаражатты қайтармаған.
Аталған фактілер бойынша әйел халықаралық іздеуге жарияланған. Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтау және күдіктінің өзге де алаяқтық эпизодтарға қатыстылығын тексеру бағытында тергеу амалдары жалғасуда.
Дереккөз: Ашық ақпарат көздерінен


