
Қазақстан Ұлттық банкі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалар үшін қарыздың табысқа шаққандағы шекті коэффициентін (ҚТК) енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа тетік азаматтардың шамадан тыс қарыздану тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Жаңа нормативке сәйкес, азаматтың барлық несиелері мен микрокредиттерінің, оның ішінде жаңадан рәсімделетін қарыздың жалпы сомасы жылдық табысының сегіз есесінен аспауы тиіс.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясованың айтуынша, қазіргі таңда қарыздық жүктеме коэффициенті (ҚЖК) қолданылады және ол ай сайынғы төлемдердің табыстың 50%-ынан аспауын көздейді.
«Қазіргі таңда қарыздық жүктеме коэффициенті (ҚЖК) 0,5 деңгейінде қолданылады. Бұл барлық несиелер бойынша ай сайынғы төлемдер қарыз алушының ай сайынғы табысының 50%-ынан аспауы керек дегенді білдіреді. Ал жаңа ҚТК ай сайынғы төлем көлемін емес, барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы қарыздардың жалпы сомасын бағалайды», – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, Қазақстандағы несиелеу деңгейі әзірге сындарлы шектен аспағанымен, бөлшек несиелік портфельдің құрылымы алаңдаушылық туғызады.
«Халыққа берілген 25 трлн теңге несиенің шамамен 17 трлн теңгесі немесе үштен екісінен астамы тұтынушылық қарыздарға тиесілі. Бұл несиелердің негізгі бөлігі активтер немесе қымбат мүлік сатып алуға емес, күнделікті шығындарды жабуға алынатынын көрсетеді», – дейді Айгерім Ілиясова.
Сарапшының пікірінше, көптеген азаматтар несиенің көмегімен өздерінің тұтыну деңгейін сақтап отыр немесе негізгі қажеттіліктерін өтеу үшін қарыз алуға мәжбүр.
«Іс жүзінде көптеген жағдайда тұтыну деңгейі табыс деңгейіне сәйкес келмейді. Адамдар несиенің есебінен жоғары өмір сүру деңгейін қаржыландырады немесе негізгі қажеттіліктерін өтеу үшін қарыз алуға мәжбүр болады», – деп түсіндірді ол.
Ұлттық банк қазіргі уақытта ипотека, автонесие және тұтынушылық қарыздарға бірдей ҚТК лимитін қолдануды жоспарлап отыр. Алайда сарапшы бұл тәсілді қайта қарау қажет деп санайды.
«Менің ойымша, сараланған шектер енгізу қисындырақ болар еді. Ипотека тұтынушылық несиеден айтарлықтай ерекшеленеді: ол ұзақ мерзімге рәсімделеді және жылжымайтын мүлік кепілімен қамтамасыз етіледі. Сондықтан ипотекалық қарыздар үшін рұқсат етілетін ҚТК деңгейі кепілсіз тұтынушылық несиелерге қарағанда жоғары болуы мүмкін», – дейді қаржыгер.
Сарапшы мысал ретінде ай сайынғы табысы 400 мың теңгеден асатын азаматты келтіреді. Мұндай жағдайда жылдық табыс шамамен 5 млн теңгені құрап, рұқсат етілетін ең жоғары қарыз көлемі 40 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Ең маңыздысы – кемінде алты айлық жеке немесе отбасылық шығындарға жететін қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыру. Мұндай резерв жұмыссыз қалу, ауру немесе күтпеген шығындар туындаған жағдайда жаңа несие алуға жүгінбей-ақ қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді сарапшы
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/ekonomika/773776-2027-zyldan-bastap-kazakstanda-zana-nesielik-limit-pajda-boluy-mumkin-karyz-alusylar-usin-ne-ozgeredi


