
Ведомство заң талаптары интернетте де, күнделікті өмірде де барлық азамат үшін бірдей міндетті екенін еске салды.
Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің таралуына қарсы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Ведомствоның мәліметінше, республика бойынша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Министрлік мәліметінше, стримерлер тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтардың ар-намысына тиетін әрекеттерге барған. Мұндай контенттің кәмелетке толмағандар үшін де қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады.
Атап айтқанда:
- Шымкентте TikTok-та тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданған 48 жастағы тұрғын сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
- Талдықорғанда бұрын да осындай құқық бұзушылық жасаған 44 жастағы тұрғынға әкімшілік айыппұл салынды.
- Павлодарда көлік жүргізіп отырып тікелей эфирге шыққан, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған 26 жастағы азамат 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
- Түркістанда TikTok-та бірнеше аккаунтпен танымал азаматша тікелей эфирлердегі бейәдеп сөзі мен агрессивті әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.
ІІМ цифрлық кеңістікті заңсыз контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Ведомство заң талаптары интернетте де, күнделікті өмірде де барлық азамат үшін бірдей міндетті екенін еске салды.
Авторлар: baq.kz


