Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «B5+1» форумына қатысты

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан делегациясын бастап, Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен екінші «B5+1» іскерлік форумына қатысты. Форум Орталық Азия мемлекеттері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналды.

Іс-шара барысында Ерсайын Нағаспаев инвестициялық ахуалды жақсарту, институционалдық тетіктерді күшейту және тұрақты, өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу мақсатында Қазақстанның бизнес-қоғамдастықпен және басқа да мүдделі тараптармен ашық әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Форум аясында министр АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті. Кездесу барысында өнеркәсіп және инвестиция салаларындағы екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

Кездесуде Ерсайын Нағаспаев Серджио Гордың 2025 жылғы қарашада Вашингтон қаласында өткен C5+1 көшбасшыларының 10-шы мерейтойлық саммитіне қатысқаннан кейін Қазақстан–АҚШ қатынастарының ілгерілеуіне қосқан үлесін атап өтті.

Министр Серджио Горды 2026 жылғы 2–3 сәуір күндері Астана қаласында өтетін Бірінші Орталық Азия геологиялық форумына қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, форум қорытындысы бойынша министр Орталық Азия елдері мен АҚШ делегацияларының басшыларымен бірге баспасөз мәслихатына қатысып, «B5+1» форумы жұмысының негізгі нәтижелерін қорытындылады.

Дереккөз: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp