ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Созақ ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан “UKO-S-STAR” ЖШС аумағында жалпыұлттық коалиция мүшелері өндіріс және кәсіпкерлік саласының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында елде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың мән-маңызы түсіндіріліп, оның өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға беретін мүмкіндіктері кеңінен сөз болды.

Іс-шараға Жалпыұлттық коалицияның Түркістан өңіріндегі өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары Қалыйма Жантөреева, Бегімбет Байғараев, Мағауия Тұрысбеков және Созақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жамиев, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлы, Арман Анарбаев қатысты.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Еңбек ұжымымен кездесу барысында коалиция өкілдері жеке-жеке сөз алып, жаңа реформалардың ел экономикасын дамытудағы рөлі, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, адал бәсекелестікті қалыптастыру және еңбек адамдарының құқықтарын қорғау жайында атап өтті.

Қалыйма Жантөреева конституциялық өзгерістердің экономиканың нақты секторына оң әсер ететініне тоқталды.

–Конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірумен қатар, экономиканың түрлі салаларын дамытуға да жаңа мүмкіндіктер ашады. Әсіресе өндіріс пен кәсіпкерлік саласы үшін әділ әрі ашық бәсекелестік ортасын қалыптастыру, инвесторларға сенімді құқықтық алаң құру және еңбек адамдарының мүддесін қорғау мәселелері ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, реформалар кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасап, бизнесті дамытуға бағытталған қолдауларды күшейтуге мүмкіндік береді. Өндіріс орындарының дамуы ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан мемлекет тарапынан өндіріс саласын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді, – деді Қалыйма Жантөреқызы.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Жиында Ордабек Жамиев қоғамның дамуы мен елдің тұрақты болашағы үшін мұндай маңызды бастамаларға қолдау көрсету маңызды екенін жеткізді. Ал, Бегімбет Байғараев халықтың бірлігі мен белсенділігі ел дамуының негізгі тірегі екенін айтып, пікірін білдірді. Мағауия Тұрысбеков болса референдум әр азаматтың өз таңдауын білдіретін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті.
Кездесу соңында өндіріс және кәсіпкерлік саласының өкілдері де ой-пікірлерін білдіріп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Алдағы тарихи маңызды күннен бей-жай қалмайтынын айтып, Жаңа Конституцияны қолдайтындықтарын білдірді.

Дереккөз: Ашық ақпарат көздерінен

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp