Өзбекстан құрамасы енді Португалиямен кездеседі

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында K тобында сынға түсіп жатқан Өзбекстан – Колумбия кездесуі аяқталды.

Дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырған өзбекстандық футболшылар бірінші ойында Оңтүстік Американың тәжірибелі құрамасына жолықты. Соған қарамастан олар бұл кездесуде ұпай олжалауға бар күшін салды. Десе де ойын басынан Колумбия құрамасы тізгінді өз қолына ұстауға тырысты. Толассыз шабуыл ұйымдастырып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Оған өзбекстандық қорғаушылар лайықты тойтарыс беріп жатты.

Ойынның 42-минутында колумбиялық Даниэль Муньос өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Ол әріптесі Луис Диастың берген пасын голға айналдыра білді.

Ендігі кезекте Фабио Каннаваро шәкірттері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде өзбекстандық шабуылшы Аббосбек Файзуллаев 60-минутта көздеген нысанадан мүлт кетпесе, 65-минутта Луис Диастың голынан кейін қайтадан Колумбия алға шықты.

Ал 99-минутта колумбиялық Хаминтон Кампас қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Өзбекстан құрамасы қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.

Айта кетсек, бұл топтағы Португалия – Конго Демократиялық Республикасы кездесуінде 1:1 есебі тіркелді.

Енді 23 маусымда Өзбекстан құрамасы Португалиямен кездессе, 24 маусымда Колумбия мен Конго ДР жасыл алаңға шықты.

Сондай-ақ L тобында Англия құрамасы Хорватияны 4:2 есебімен жеңсе, Гана Панаманы 1:0 есебімен жеңді.

Дереккөз: KAZINFORM

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp