
Биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Ол алдағы 2026-2027-ші оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін атап өтті. Олардың ішінде:
- бакалавриатқа – 75 371;
- магистратураға – 11 007;
- докторантураға – 3 079.
Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген.
«Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталған»,
— деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Ведомство мәліметінше, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 19 250; педагогикалық ғылымдарға – 13 738; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша – 11 662; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363; ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145; денсаулық сақтау саласына – 2 700; қызметтер бойынша – 2 400; өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915; әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бойынша – 1 485; бизнес, басқару және құқыққа – 1 423; ветеринарияға – 1 275 грант бөлінген.
Оған қосымша еліміздің жоғары оқу орындары «Серпін» бағдарламасы аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Іс-шаралармен 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіптік бағдар беруші қамтылған.
Осылайша, бүгінде оқушының кәсіби диагностикасынан бастап білім беру бағдарламасын таңдауға және одан әрі жұмысқа орналасуға дейінгі білім беру навигациясының біртұтас жүйесі қалыптасуда.
Дереккөз: Primeminister.kz


