
Жамбыл облысында қалың жауған қар мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыстық жедел жәрдем бригадалары тұрғындарға медициналық көмекті үздіксіз көрсетуде. Ақ ұлпа қар жол қозғалысын қиындатып, кейбір елді мекендерде көлік қатынасын шектегеніне қарамастан, медицина қызметкерлері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда.
Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылында жедел медициналық жәрдем станциясының бригадасы шақырту бойынша науқасқа көмек көрсетіп қайтар жолда қалың қарға батып қалған. Арнайы техниканың көмегінсіз қозғалу мүмкін болмаған.
Жедел жағдай туралы хабар аудандық әкімдікке жеткізіліп, қысқа мерзім ішінде арнайы техника жұмылдырылды. Әкімдіктің тракторы қар құрсауында қалған жедел жәрдем көлігін шығарып, бригаданың қауіпсіз түрде қызметін жалғастыруына мүмкіндік жасады.
Қазіргі таңда өңірде қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Ал жедел жәрдем қызметі қандай жағдай болмасын тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау жолында тәулік бойы жұмысын жалғастыруда.
Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі


