Қазақстан мен Қалмақ Республикаcы өңіраралық серіктестікті тереңдетуге ниетті

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов Қалмақ Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Қалмақ Республикасының басшысы Бату Хасиковпен кездесу өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, гуманитарлық өзара іс-қимыл, мәдени алмасу және жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік мәселелеріне назар аударды. Көлік, логистика және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы Каспий маңы ынтымақтастығына, сондай-ақ қазақ диаспорасын қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кооперацияны нығайту, туризмді дамыту және мәдени жобаларды – фестивальдер мен көрмелерден бастап білім беру алмасуларына дейін – бірлесіп іске асыруға өзара мүдделілік расталды. Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарының инфрақұрылымына қол жеткізуді және инвестициялық қызметті қолдау шараларын қамтитын инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.

Сапар Элиста қаласындағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл кешенде Қазақстан тумасы, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Спатаевтың есімі де мәңгілікке жазылған.

Бұған қоса Бас консул екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.

Сондай-ақ Үкімет төрағасының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Очир Шургучеев бастаған Үкімет мүшелерімен кездесу өтті. Сауда алмасуды кеңейту, агроөнеркәсіптік кооперацияны дамыту, бірлескен мәдени жобаларды іске асыру мәселелеріне назар аударылды.

Бас консул агроөнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеу саласындағы кооперация үшін маңызды алаң болуға тиіс жаңа агроөнеркәсіптік парктің ашылуына дайындық барысымен танысты. Сапар аясындағы нысандардың бірі – қытайлық капиталдың қатысуымен құрылған «Сян Махан» ЖШҚ ет өңдеу кәсіпорны. Кәсіпорын базасында қазақстандық аграрийлермен өзара іс-қимылдың мүмкіндіктері талқыланды.

Сапар барысында Қалмақ мемлекеттік университеті жанындағы ауыл шаруашылығы жануарларын көбейту орталығына да назар аударылды. Бұл орталық асыл тұқымды материалдың криобанкін қолдану арқылы малдың генетикалық қорын жақсартумен айналысады. Қазақстандағы бейінді ғылыми мекемелермен ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасу өтті.

Бұдан бөлек, Қалмақ мемлекеттік университетінің басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен жеке кездесу ұйымдастырылды. Академиялық және гуманитарлық әріптестікті дамыту, соның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру және бірлескен білім беру бастамаларын ілгерілету мәселелері қарастырылды.

Сапардың қорытынды кезеңінде қазақ мәдени орталығы – «Жерлестер» қоғамдық бірлестігінің белсенділерімен кездесу өтті. Онда тілді, мәдениетті және дәстүрді сақтау, сондай-ақ Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық байланыстарды қолдау мәселелері талқыланды.

Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар