
Чех Республикасы Қарулы Күштерінің ұшағымен Прага-Кбелы әскери әуежайынан Пржевальский жылқыларының екінші тобы Қазақстан даласына жөнелтілді. Бұл шара осы сирек жануарларды тарихи отанына қайта қоныстандыруға бағытталған халықаралық реинтродукция жобасының аясында жүзеге асырылуда. Жылқылардың тағы бір тобы Мажарстандағы Хортобадь ұлттық паркінен ұшырылды.
Жөнелту рәсімі алдында баспасөз конференциясы өтіп, оған Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бахыт Дүйсенбаев, Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек және Прага қаласының қоршаған орта мәселелері жөніндегі вице-мэрі Яна Комрскова қатысты.
Өз сөзінде Б. Дүйсенбаев бұл жобаның Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық аясында ғана емес, сонымен қатар бүкіл планета көлеміндегі биоәртүрлілікті сақтау жолындағы күш-жігер тұрғысынан да маңызды екенін атап өтті. Қазақ дипломаты чех серіктестеріне, соның ішінде Прага хайуанаттар бағы мен ЧР Қарулы Күштеріне, өз ісіне адалдығы үшін алғысын білдіріп, жобаның экологиялық дипломатия мен тиімді халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
«Жабайы жылқыларды туған мекеніне қайтару» жобасы 2011 жылдан бері табысты іске асып келеді. Ол алғаш Моңғолияда өз нәтижесін берген. Қазақстан – Пржевальский жылқыларын қайта қоныстандыру қолға алынған екінші ел. Бұл жоба сирек кездесетін жануар түрінің жаһандық популяциясын қалпына келтіруге бағытталған бірегей бастама болып табылады. Өткен жылы Прага және Берлин хайуанаттар бақтарынан жеткізілген алғашқы жеті жылқы «Алтын Дала» табиғи резерватында жерсіндіруден өтіп, қазіргі таңда табиғи ортаға жіберілуге дайын.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі