
Бангкок қаласында екі елдің мемлекеттік органдары, іскерлік қауымдастықтары мен бизнес өкілдерінің қатысуымен Қазақстан–Таиланд бизнес-форумы өтті.
Іс-шара барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, туризм және орнықты даму салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақстан тарапы елдің инвестициялық әлеуетін, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Astana Hub-тың мүмкіндіктерін және инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.
Сондай-ақ, Қазақстанның Орталық Азия, Қытай, Кавказ және Еуропа арасындағы негізгі көлік-логистикалық торап ретіндегі әлеуетін пайдалану мәселесіне және де қазақстандық өнімдерді Таиланд және АСЕАН-ның басқа да елдері нарықтарына ілгерілету перспективаларына ерекше назар аударылды.
Форум аясында тай бизнесі өкілдерінің тақырыптық таныстырылымдары өтіп, экспорттық-импорттық операциялар, сертификаттау, логистика және дистрибуция арналарын дамыту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, екі елдің компаниялары мен іскерлік бірлестіктері өкілдерінің B2B форматындағы екіжақты кездесулері өткізілді.
Қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және Қазақстан-Таиланд ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделілікті растады.
Форум қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды, оның ішінде Алматы облысының әкімдігі мен Таиландтың туристік қауымдастықтары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар, сондай-ақ екі ел компаниялары арасындағы коммерциялық келісімдер. Қол қойылған құжаттар іскер топтар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға, тай туристерін Қазақстан Республикасына тартуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ақпарат алмасуға, бейінді компанияларды қолдауға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бағытталған.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі


