
Екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Президентінің сыртқы саясат және экономикалық мәселелер бойынша көмекшілері Руси Иванов және Христо Алексиевпен кездесу өткізді.
Сұхбаттастар өткен жылы Астана мен Софияның жемісті өзара іс-қимылын қорытындылай келе, алдағы кезеңге арналған перспективалық міндеттерді белгіледі, сондай-ақ жоғары деңгейдегі саяси диалогты жандандыру және сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайту мәселелеріне қатысты пікір алмасты.
Кездесу барысында алда жоспарланған Астана халықаралық форумы (AIF 2025) мен «Kazakhstan. BornBold» жаһандық ақпараттық науқанына ерекше назар аударылды. Оған қоса қазақ дипломаты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі және сыртқы саясат, әлеуметтік-экономикалық даму және демократиялық қайта құрылуға бағытталған ауқымды реформалары мен бастамаларымен егжей-тегжейлі таныстырды.
Жалпы, тараптар қазақ-болгар қатынастарының қазіргі жағдайына оң бағасын беріп, өткен жылы өзара сауда айналымының 5 есеге артқанын атап өтті (2024 ж. 10 айда – 336,7 млн АҚШ доллары), оның нәтижесінде еліміз Болгарияға импорттайтын Еуроодақ құрамына кірмейтін топ-6 елдің қатарына кірді.
Соңында тараптар кездесу барысында белгіленген барлық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, практикалық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге дайын екендігін растады.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі