
Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі Балтық-Орталық Азия экономикалық даму қауымдастығымен бірлесіп «Қазақстан – Латвия: ынтымақтастық векторы 2025» атты дөңгелек үстел өткізді.
Қазақстан Елшісі Дәурен Кәріпов және қазақстандық тараптың басқа да өкілдері іс-шараға қатысушы латвиялықтарды Қазақстанның қазіргі экономикалық үрдістерімен және басымдықтарымен таныстырды. Инвестициялық ахуалға және Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін ашуға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда экономика секторларын жаңғырту бойынша мемлекеттік және жеке бағдарламаларды іске асыруға латыш бизнесін тарту, сондай-ақ қазақстандық өнімді Латвия Республикасы арқылы транзитпен еуропалық және әлемдік нарықтарға жеткізуді арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында Латвия поштасы мен «Carnet» ЖШҚ қазақстандық логистикалық компаниясы арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Құжат Латвия порттарының инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан мен Латвия аумақтары арқылы Қытайдан Еуропаға электрондық коммерция тауарларын жеткізу үшін жаңа логистикалық тізбекті іске қосуды көздейді. Бұл ынтымақтастықтың жаңа форматы, ол Балтық және Орталық Азия арасындағы іскерлік альянстардың халықаралық пошта және логистикалық операцияларының ашықтығын, стандарттауын және тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2025 жылдың күзінде латвиялық іскерлік делегацияның Қазақстанға жасайтын алдағы сапарын, сондай-ақ екі елдің Іскерлік кеңесінің бірінші отырысын сапалы толықтыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан тарапынан іс-шараға «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Kazakh Invest» АҚ, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ, «ҚазАзот» АҚ, «Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы» ЗТБ, Қазақстан автотасымалдаушылар қауымдастығы және «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ өкілдері қатысты.
Латвия тарапынан Рига еркін портының, Latvijas Pasts (Латвия поштасы) Мемлекеттік акционерлік қоғамының, Автомобиль көлігі дирекциясының, Латвия Көлік министрлігінің, «The Untitled Ventures» инвестициялық қорының, «BDO Latvia», «Industra Bank», Вентспилс сауда портының, «Stena Line Ports Ventspils», «TecAlliance», «Vega Stividor» және «Riga Bulk Terminal» басшылары мен өкілдері қатысты.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі