
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында автомобиль өнеркәсібі үшін инженерлік кадрларды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінгі таңда Министрлік цифрлық өндірісте, роботтандырылған жүйелерде және жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істей алатын инженерлерді даярлау жүйесін қалыптастырып келе жатыр, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.
Автомобиль өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау еліміздің 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Автомобиль өнеркәсібіне қажетті инженерлік бағыттар бойынша 4 мыңға жуық студент білім алуда. Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді.
«Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар даярланады. 176 маман даярланды, қазіргі уақытта 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтуде», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізіліп жатқанын айтты. Даярлаудың бірыңғай траекториясына өту көзделген, инженерлік білім берудің пәнаралық өтпелі стандарты енгізілді, білім, ғылым және өндіріс интеграциясы күшейтілді, тұрақты кәсіби өсудің жаңа тетіктері айқындалды.
Дереккөз: ҚР Үкіметінің телеграм арнасы


