
Биылғы жиым-терім қарсаңында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин күзгі егіс жұмысы бойынша жедел штаб отырысын өткізді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, еліміздің көп өңірінде егін жинау жұмысы жүргізілуде. Жиын-терім науқаны тамыздың үшінші он күндігінде басталады.
Биыл жалпы жиналатын егіс алқабы 24,2 млн гектар болса, оның 15,6 млн гектары дәнді және бұршақты дақыл. Бүгінде 1,9 млн гектар немесе 12,5% алқаптан дәнді дақыл жиналды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, өткен жылы осы кезде 1 млн га немесе 6,1% өнім жиналған. Егін жинаудың ертерек басталуы жаздың әдеттен тыс ыстық болып, дақылдың тез пісуіне байланысты. Бұл ретте дәнді дақылдың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда жоғары: бір жыл бұрынғы 14,8 ц/га-ға қарағанда орта есеппен 16,4 ц/га. 3,2 млн тонна астық жинақталған.
Дереккөз: @KZgovernment


