ЮНЕСКО жасанды интеллект этикасы саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов ЮНЕСКО Бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Лидия Артур Бритомен жасанды интеллект технологияларының этикалық аспектілерін зерделеу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу басында қазақ дипломаты өткен айда ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле қол қойған Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ЮНЕСКО қамқорлығындағы екінші санаттағы институт мәртебесін ұзарту туралы келісімге көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұл құжатты тезірек ратификациялауға және ғылыми-зерттеу қызметі өзекті тәжірибелік мәнге ие бұл Орталық жұмысына жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыруға мүдделі екенін атап өтті.

А.Абдрахманов Қазақстанда жасанды интеллектті сапалы және жауапты қолдану бағытында жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстар мен бұл тақырыпқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Л.Брито ЮНЕСКО-ның БҰҰ жүйесіндегі осы саладағы жетекші рөлін және қазіргі кезде 2021 жылы қабылданған Жасанды интеллект этикасы жөніндегі ЮНЕСКО ұсынымы бұл бағыттағы тұңғыш және әзірге жалғыз жаһандық көпжақты құқықтық құжат екенін атап өтті.

Осыған байланысты тараптар аталған құжаттың Қазақстан сияқты елдердің дамуы үшін практикалық маңызы мен ЮНЕСКО әзірлеген жасанды интеллектті этикаға сай қолдануға «Дайындықты бағалаудың әдістемесі» бойынша зерттеулер жүргізу мүмкіндігін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы мәселе бойынша ұдайы байланыстарын одан әрі жалғастырып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар