
Шымкентте дәмхананың жазғы асүйінен тұтанған өрт екі қабатты ғимараттың қаптамасы мен шатырына жайылды. Төтенше жағдайлар қызметі тілсіз жаудың ұлғаюына жол бермей, өртті толық сөндірді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынның көрші ғимараттарға таралуына жол бермей, өртті қысқа уақыт ішінде толық ауыздықтады.
Өртті сөндіру жұмыстарына жеке құрам мен арнайы техника жұмылдырылды. Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрттің ауқымы ұлғаймай, нысан толықтай бақылауға алынды.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрт кезінде келушілер мен қызметкерлер қауіпсіз жерге шығарылған.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі кәсіпкерлер мен тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, әсіресе қоғамдық тамақтану орындарындағы электр желілері мен газ жабдықтарының техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстауға шақырды.
Дереккөз: egemen.kz


