Черногорияда Абай орталығы ашылды

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Черногорияның Ұлттық кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл орталық Қазақстан мен Черногория арасындағы мәдени ынтымақтастықтың символына, сондай-ақ зияткерлік диалогқа, білім беру және шығармашылық бастамаларға жол ашатын маңызды алаңға айналды.

Абай орталығының ашылуы Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараны өткізуге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық академиялық кітапхана, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы және «Мәдениеттер ықпалдастығы орталығы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті.

Салтанатты рәсімге Білім беру, ғылым және діни қауымдастықтармен байланыс мәселелері жөніндегі Черногория Премьер-Министрінің орынбасары Будимир Алексич, Подгорица қаласының мэрінің орынбасары Борис Спалевич, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, қоғам, мәдениет пен ғылым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Черногория тарапынан жоғары лауазымды қонақтардың қатысуы бұл шараның екіжақты ынтымақтастық үшін маңыздылығын айқын көрсетті.

Экспозицияда Қазақстаннан осы шараға арнайы әкелінген материалдар таныстырылды: Абайдың әртүрлі тілдердегі шығармаларының басылымдары, оның өмірі мен мұрасына арналған аудио және бейнематериалдар, қазақ мәдениеті мен өнерінің элементтері, сондай-ақ Қазақстанның көрнекті ескерткіштері мен табиғи көрікті жерлерінің фотосуреттері көрермен назарына ұсынылды. Ерекше көңіл Абайдың музыкалық, философиялық және поэтикалық мұрасының символына айналған үш ішекті домбыраға аударылды.

Орталықтың ашылуы жергілікті аудитория, дипломатиялық корпус өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қазақ диаспорасы арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бұл Орталық шетелде қазақ мәдениетін ілгерілетуге және Қазақстан мен Черногория арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосатын маңызды алаңға айналады.

Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар