ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 906 МЫҢ ГЕКТАР АУМАҚТА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында шегіртке дернәсілдеріне қарсы күрес және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар облыс әкімі Нұралхан Көшеров бақылауында іске асырылып отыр. Жоспарға сәйкес, биыл өңірде 906 мың гектар аумақты қамтитын мониторинг жүргізу көзделген. Бүгінгі күнге дейін соның 117 мың гектары зерттелді. Тексеру нәтижесінде 21 мың гектар алқапта шегіртке зиянкестерінің зияндылық шегінен асқаны анықталған. Осыған байланысты зиянкестердің таралуын шектеу және егін алқаптарын қорғау мақсатында 19,6 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда өңдеу шаралары жоспарға сәйкес, жедел әрі уақытылы атқарылуда.

Күрес жұмыстарына 600-ге жуық маман жұмылдырылған. Сонымен қатар 253 жерүсті техникасы мен 45 су тасымалдаушы автокөлік үздіксіз жұмыс істеуде. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар зиянкестердің таралуын дер кезінде тоқтатуға және егістік алқаптардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында мониторинг және өңдеу жұмыстары жергілікті әкімдіктер мен тиісті мекемелердің бірлескен үйлесімі арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Жалпы, өңірде шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес күшейтіліп, егін алқаптарын қорғау бағытындағы жұмыстар облыс басшылығының қатаң бақылауында тұр.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp