ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында қызғалдақтарды қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.

Науқанға қатысушылар тау баурайында жайқалған грейг қызғалдақтарын тамашалап, нәзік жаратылысты жан-жақты таспалады. Мамандардың айтуынша, қызғалдақтар тек сұлулығымен ғана емес, бай тарихымен және көптеген ерекшеліктерімен құнды. Қызғалдақтардың отаны ретінде Орталық Азия саналады. Бүгінде Қазақстан аумағында қызғалдақтың 35-тен астам түрі өседі. Олардың ішінде Грейг, Кауфман және Шренк қызғалдақтары ерекше көз таратады. Соның ішінде 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Өңірдегі табиғи паркте қызғалдақтың 6 түрі өседі. Қызыл кітапқа енген Грейг, Кауфман қызғалдағы осы Боралдай аумағында кеңінен таралған.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Іс-шара Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен Бәйдібек ауданына қарасты Шұқыршақ ауылындағы Боралдай филиалы, Бәйдібек орманшылығы аумағында, Шұқыршақ сарқырамасы туристік соқпағында өткізілді.

Тазалық жұмыстары мәдени іс-шараға ұласты. Саф табиғат аясында мерекелік шара өтіп, көрермен назарына әсем әндер ұсынылды. Сондай-ақ мектеп оқушылары топ-топқа бөлініп, сұрақ-жауап ойынына қатысты. Ұлттық ойын көкпар мен аударыспақ сынды спорттық ойындар өткізіліп, қыз-келіншектер дәстүрлі тағамдарды дайындап, ұмыт болған дәмдерді дәріптеді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жиын соңында табиғатты қорғау шараларына белсене қатысып жүрген тұлғалар арнайы мекеме тарапынан марапатталды.

Аталған экологиялық акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсаты – табиғатты қорғау, қызғалдақтардың маңызын насихаттау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция барысында табиғи парк қызметкерлері мектеп оқушыларына қызғалдақтарды жұлмау, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық үнпарақтар таратылды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларға зиян келтіру заңмен қатаң жазаланады. Атап айтқанда, заң бұзушыларға 300 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp