«Мақсатым – экологиялық таза өнім шығару»
Дән лақтырсаң, дақыл беретін Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден республикаға танымал. Біздің жылыжайлар ел бойынша көш бастап тұрса, бір алқаптан үш рет өнім алу бағытында да сарыағаштықтар бәсекеге қабілетті. Ал соңғы жылдары саялы өңір шаруалары лимон өсіруді қолға алып, өзге облыстарға экспорттауда. Әлеуметтік желілерді шулатқан шокаладты құлпынайға да біздің диқандардың өнімі қолданылып жүр.

Иә, таңғалдырудан жалықпайтын жергілікті диқандар голландиялық гүлдердің де түр-түрін өсіріп, нарыққа ұсынуда. Десек те қожалық иелері мұнымен шектеліп жатқан жоқ. Біздің бейнеткеш ауылдастар тропикалық жемісті де жерсіндіріп, айды аспаннан шығаруда. Орталық Америка және Оңтүстік Мексикада өсетін папайя мен Малай архипелагының бананын енді Сарыағаштан табуға болады. satmedia.kz сайтының тілшісі Нағима Әбдірахым ауыл шаруашылығын әртараптандыруға зор үлесін қосып жүрген «AgroTur» шаруа қожалығының иесі, нағыз еңбек адамы Тұрсын Тасходжаевпен сұхбат құру үшін Жібек жолы ауылдық округі, Зортөбе елді мекеніне табан тіреді.

Айта кетейік, Тұрсын Тасходжаев жылыжай ісімен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Ал «AgroTur» шаруа қожалығының негізін 2017 жылы қалаған. Қожалықтың жалпы жер көлемі – 15 га болса, жылыжай аумағы 4,12 га құрайды. Оның 3,12 га – гүл өсіруге, 1 га – көшет өндіруге арналған. Өнеркәсіптік жылыжайда соңғы озық технологиялар пайдаланылады. Өз күшімен кәсіп бастаған қожалық иесі Тұрсын Тасходжаев мұнда 1200,0 млн тг инвестиция жасаған. 30 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерден жұмыс барысын сұрадық.

Сәлеметсіз бе, Тұрсын Абдуллаұлы?! Жылыжай шаруашылығымен айналысып жүргеніңізге 10 жылдан асыпты. Демек пайда бар. Кәсіптеріңіз берекелі болсын. Қазіргі таңда жылыжайда қандай өсімдік түрлері өсірілуде?
– Саламатсыз ба?! Өзіңізге мәлім, біз бұған дейін жылыжайда көкөніс өсірдік. Жылына шамамен 270 тоннаға дейін қызанақ экспорттадық. Алайда қазір көкөністің орнын голландиялық гүлдермен алмастырдық. Жылыжайда раушан гүлдерінің 20-дан астам сұрпы бар. Тапсырыстар үш мегаполиске аттануда.

Онан бөлек, басқа да облыс-қалаларды қамтып, тіпті Өзбекстан Республикасынан да тапсырыстар түсуде. Бастапқыда 60 мың түп гүл көшетпен бастаған бизнесіміз бүгінде қарқынды дамып келеді.

Тамаша! Онан бөлек, сіздерде көшетхана да жұмыс істейтінін білеміз. Онда, негізінен, қандай көшет түрлерін шығарасыздар?
– Иә, 1 га аумақта алдын ала тапсырыс бойынша көшет түрлерін шығарамыз. Итальяндық технологиялармен жабдықталған бұл жылыжайымыз қызанақ, қияр, бұрыш, тіпті қауын-қарбыздың да көшетін өндіруге қауқарлы.

Білуімше, сіз былтырғы жылы тұт өсіруді де қолға алыпсыз? Нәтиже жаман емес сияқты.
– Дұрыс айтасыз, Нағима. Бұл тәжірибені 2024 жылдың ақпан айында бастадық. Кезең-кезеңмен әр түрлі көшеттерді шығарып, өсіріп көрдік. Күн салқын кезде жылыжайда, жаз келген соң ашық алқапқа отырғызып та байқадық. Көшетті жерсіндіруге барынша тырыстық. Біздің өңірдің климаты тұт өсіруге өте қолайлы екен. Бұған дейін жоғары сұрыпты тұт көшеті тек Өзбекстаннан әкеліп егілетін. Міне, енді өз зертханамызда жергілікті жерге бейімделген тұт көшетінің жаңа сұрпын шығардық. Айта кету керек, 3 жылда бір-ақ жететін ұзындыққа бұл көшеттер 1 жылда жетіп жатыр. Тағы бір артықшылығы, біз шығарған тұт ағашын 8 ай бойы егуге болады. Ал бұрындары сәуір айынан кейін көшет отырғызу мүмкін емес еді. Сол себепті зертханамыздың бұл нәтижесін мақтанышпен айта аламыз.

Иә, шынымен де өте жақсы нәтиже. Озық технологияларды пайдалана отырып өнім өндірумен айналысатын жылыжай кешенінің қуаттылығы қандай?
– Жылына 12 млн дана көшет шығаруға қауқарымыз жетеді. Сондай-ақ, 1 млн аса гүл өсіруге мүмкіндігіміз бар. Әрине, мұның бәрі тек біздің ғана емес, жұмысшыларымыздың да адал еңбегінің арқасында жетіп жатқан нәтижелер.
Жұмыс күшіне тоқталсаңыз. Олардың жалақысы қанша? Отбасын асырауға жеткілікті ме?
– Тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны – 30 адам. Маусымдық жұмыс кезінде онан да көбееді. Жалақы мөлшері 150-200 мың тг аралығында. Еңбек өнімділігі жақсы болуы үшін қолымыздан келген жағдайдың барлығын жасауға тырысамыз.

Ал енді ел-жұртқа сізді ерекше танытқан экзотикалық ағаштар туралы сөз қозғасақ. Қазір жылыжайда қандай цитрус өнімдері өсіп тұр? Оларды біздің елге жерсіндірудегі мақсатыңыз қандай болды?
– Қазір жылыжайымызда банан, папайя, киви, мандарин, авокадо, лимон және зәйтүн ағаштары тәжірибе үшін аз-аздан отырғызылған. Мен өзім ерекше жеміс түрлерін өсіріп, экперимент жасағанды жақсы көремін. Тропикалық климатта өсетін өсімдіктерді басқа, олардың табиғи ортасына ұқсамайтын аймақтарға бейімдеу процесі өзіме қызық болды. Бұл үдеріс көптеген факторларға байланысты, мысалы, климат, топырақ, суару және өсімдік күтімі. Жерсіндірудегі жалпы мақсат, өзіңіз білетіндей, жаңа аймақта тропикалық жемістерді өсіру арқылы ауыл шаруашылығын әртараптандыру. Сондай-ақ, экзотикалық өнімдерді жергілікті нарықта қолжетімді ету, импортқа тәуелділікті азайту болып табылады. Алайда әзірге біз бұл бағытты шындап қолға алған жоқпыз. Бірнеше түппен шектеліп тұрмыз.
Тропикалық жемістерді жерсіндіру үшін қандай факторларға назар аудару қажет?
– Климат, топырақ және суару жүйесіне аса мән беру керек. Көптеген тропикалық жемістер жылы климатты қажет етеді. Мысалы, банан үшін орташа жылдық температура 25–30°C болуы тиіс. Тропикалық өсімдіктер ұзақ күн сәулесін қажет етеді, сондықтан күн шуағы көп аймақтарда жақсы өседі. Бұл жемістер тұрақты ылғалдануы шарт. Сондықтан тамшылатып суару жүйесі бұларға ең тиімді тәсілдердің бірі болып саналады.
Банан ағашынан қанша өнім аласыздар?
– Күтімі жақсы болса, әр түптен 80 кг өнім алуға болады. Қазір бір айналымда біз 4 түптен 150 кг-дай банан алдық.

Керемет! Жаңашыл дүниелерді елімізге әкелуге құштарлығыңыз қуантады. Алдағы уақытта қандай жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отырсыз?
– Жалпы мақсат – ауыл шаруашылығын әртараптандыру, экологиялық таза табиғи өнім шығару. Сонымен қатар, жеміс пен көкөніс импортына тәуелділікті азайту. Онан бөлек, жылыжайға озық технологияларды ендіріп, автоматтандыруды одан әрі жетілдіруді көздеп отырмыз. Әрине, ғылыми зерттеулер жүргізуді назардан тыс қалдырмаймыз. Өнімділікті арттыруға бағытталған жаңа сорттар шығару биыл да жалғасады.
Барлық бастамаларыңызға сәттілік, ал жұмысыңызға табыс тілеймін. Еңбегіңіз жемісті болсын. Өздеріңіздей нағыз еңбек адамдары барда, еліміздің агросаласы бұдан да шарықтап, дами беретіні сөзсіз.
– Рақмет.
Сұхбаттасқан: Нағима Әбдірахымқызы