
Албанияның Әділет министрлігінде Қазақстанның Албаниядағы Елшісі Искандер Айсариев пен Албанияның Әділет министрі Улси Маниямен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады. Сот жүйелерін цифрландыру, рәсімдерін одан әрі жаңғырту, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған активтерді басқару бойынша салаларда тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды. Албан тарапы Қазақстанның құқықтық салада цифрлық трансформациялау тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Оған қоса дипломатиялық арналар арқылы берілген Қазақстан Республикасы мен Албания Республикасы арасындағы екіжақты келісім жобаларына қатысты, атап айтқанда экстрадиция, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру мәселелер жөнінде пікір алмасты. Албанияның Әділет министрі аталған құжаттарды қарау жұмыстарын жеделдетуге дайын екенін растады.
Сонымен бірге У. Мания Албания Әділет министрлігінің, Бас прокуратурасын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды дамытуға, оның ішінде Қылмыстық жолмен алынған активтерді анықтау, тыйым салу және қайтару саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық меморандум жобасын пысықтауға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде И. Айсариев Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің қызметі туралы анықтамалық материалдарды ұсынып, елдегі заңсыз иеленген активтерді қайтару жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелерін таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқықтық бастамаларды іс жүзінде іске асыруға деген өзара ұмтылысын және екі елдің уәкілетті органдары арасындағы диалогты сараптамалық деңгейде жалғастыруға дайындығын атап өтті.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі