
Біріккен Танзания Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі және Танзаниядағы Елшісі қызметін қоса атқарушысы Еркін Ахинжановтың Танзания Сыртқы істер министрінің орынбасары, Парламент депутаты Денис Лондомен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды, білім беруді және гуманитарлық өзара іс-қимылды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, визалық мәселелерге ерекше назар аударылды. ҚР азаматтары келгеннен кейін алдын ала өтінішсіз виза ала алатын елдердің қатарына қосу туралы келісімге қол жеткізілді. Қазақ тарапы бұл қадамды екі ел арасындағы достық қатынастарды дамытуға қосылған үлес ретінде бағалап, ризашылығын білдірді.
Елші Танзания тарапына елімізде жүзеге асырылып жатқан негізгі саяси және экономикалық реформалар, сондай-ақ Қазақстанда жоспарланған ірі халықаралық іс-шаралар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Астана халықаралық форумы (AIF2025) – әлемдік сын-тегеуріндерді талқылауға арналған жаһандық платформа және діни мен саяси көшбасшылар арасындағы диалогқа ықпал ететін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі