Тайландпен медицина, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастық артпақ

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Тайландтағы Қазақстан Республикасының Елшісі Марғұлан Баймұхан Samitivej және BNH ауруханалар тобының басқарма төрағасының орынбасары,  Сурангкана Течапайтунмен кездесті.

Тараптар медициналық білім беру және туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, тай делегациясының Алматыдағы С.Д.Асфендияров атындағы медицина университеті мен тиісті мекемелерге жоспарланған сапары, сондай-ақ мамандарды бірлесе даярлау және педиатрия саласында ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері қарастырылды.

Елші тай тарапын Қазақстан Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауының негізгі тұстарымен таныстырып, денсаулық сақтау мен білім беру саласына цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Академиялық байланыстарды нығайту, инновациялық әріптестік және медициналық туризмді дамыту қажеттілігіне тоқталды. Бұл бағытқа ағымдағы жылдың желтоқсан айынан бастап Thai AirAsia әуе компаниясының тұрақты рейстерінің ашылуы да септігін тигізбетіндігі атап өтілді.

Медицина, білім және туризм салаларын дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Тайланд арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылық расталды.

Samitivej және BNH ауруханалар тобы Bangkok Dusit Medical Services (BDMS) медициналық холдингінің құрамына кіреді. Холдинг Азиядағы 50-ден астам клиниканы біріктіріп, медициналық қызмет көрсету, медициналық туризм және кадр даярлау саласында жетекші орынға ие.

Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар