
Сарыағаш ауданында 2025 жылғы 10 желтоқсаннан 2026 жылғы 5 қаңтарға дейін «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – сапасыз, сертификатталмаған және мерзімі өткен пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуы мен қолданылуына жол бермеу, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді сату орындарында рейдтік тексерістер жүргізуде. Заң талаптарына сай келмейтін бұйымдарды анықтау, оларды айналымнан шығару және заңсыз сауданың жолын кесу жұмыстары жалғасуда.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану жиілейтіндіктен, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.
Есте сақтаңыз:
пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алыңыз;
қолданар алдында нұсқаулықпен мұқият танысыңыз;
пиротехниканы балалардың өз бетінше қолдануына қатаң тыйым салынады;
сапасы күмәнді, қолдан жасалған немесе рұқсатсыз өнімдерді пайдаланбаңыз.
Сарыағаш аудандық полиция басқармасы тұрғындарды мереке күндері сақ болуға, қауіпсіздік талаптарын бұзбауға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға шақырады.


