
Сарыағаш ауданында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Іс-шара Сарыағаш қаласындағы «Алып» сауда қалашығында ұйымдастырылды.

Акция барысында қала және ауыл тұрғындары, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылар, әділет органдарының қызметкерлері, көші-қон полициясы, жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімдерінің өкілдері ақпарттық-түсіндіру шарасына қатысты.

Сондай-ақ медицина, салық, білім, жер, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік сала мамандары, заңгерлер, адвокаттар, нотариустар мен медиаторлар тарапынан кеңестер берілді. Сонымен қатар, сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шараның негізгі мақсаты – азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету, сонымен қатар билік пен халық арасындағы сенімді әрі ашық диалогты орнату болып табылады.

Мұндай акциялар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халыққа жақындығын күшейтуге бағытталған.


