ОРДАБАСЫДА БІР МЕЗЕТТЕ 50 БҮЛДІРШІННІҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын дәріптеу мақсатында Наурызнама онкүндігі аясында іс-шаралар кеңінен аталып өтуде.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай аудан орталығындағы «Самұрық» аллеясында бір мезетте 50 бүлдіршіннің тұсаукесер рәсімі өтті.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Іс-шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұркен Сарыпбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер салт-дәстүрге сай бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ баталарын берді. Олар ата-аналарға ізгі тілектерін айтып, балалардың болашағы жарқын, қадамы нық болуына тілектестігін білдірді.

Қазақ халқы үшін тұсаукесер – бала өміріндегі маңызды әрі тамыры терең дәстүрлердің бірі. Бұл рәсім баланың өмір жолы ашық, қадамы берік, болашағы жарқын болсын деген ізгі ниеттен туған. Жиналған көпшілік бүлдіршіндерге ақ тілектерін арнап, жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты шара барысында ұлттық әндер шырқалып, салт-дәстүр кеңінен дәріптелді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен бұл рәсім көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекелік думанның сәнін арттырды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp