Найробиде Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы талқыланды

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның БҰҰ-ның Найробидегі бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында мамандандырылған Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараға БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің делегациялары, ЮНЕП басшылығы және халықаралық сарапшылар қатысты.

ҚР-дың БҰҰ-ның Найробидегі бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов судың климаттың өзгеруімен, биоәртүрліліктің жоғалуымен, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікпен, сондай-ақ халықаралық тұрақтылықпен тығыз байланысты жүйелі жаһандық сын-қатерге айналғанын атап өтті. БҰҰ-ның қазіргі су архитектурасы бөлшектенген күйде қалып отырғанын, бұл су мәселелерін тиімді шешу мүмкіндіктеріне айтарлықтай кері әсер ететініне назар аударылды. Осыған байланысты Қазақстан қолданыстағы мандаттарды біріктіретін халықаралық су ұйымын құруды ұсынып отыр. Ең оңтайлы қадам UN-Water ведомствоаралық механизмін толыққанды мамандандырылған агенттікке немесе ұйымға айналдыру екені айтылды. Қазақстанның бұл бастамасы жаһандық су ресурстарын басқарудың үйлесімділігін, тиімділігін және есептілігін арттыру мақсатындағы инклюзивті диалогқа ашық шақыру ретінде ұсынылды.

Бастаманың өзектілігін негіздей отырып, Елші БҰҰ деректерін келтірді: бүгінгі таңда 2,1 млрд адам әлі де қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр, 3,4 млрд адам қауіпсіз санитарлық қызметтерге мұқтаж, су инфрақұрылымын қаржыландыру тапшылығы жылына 1 триллион доллардан асады, сонымен бірге 2015-2021 жылдар аралығында су секторын дамытуға бағытталған ресми көмек 12%-ға қысқарған.

Б.Садықов Қазақстанның тәжірибесіне ерекше назар аударып, Арал теңізінің қасіретін су ресурстарын тұрақты басқаруды талап ететін үлкен жаһандық сабақ деп атады. Сондай-ақ, ол Орталық Азия тәжірибесі судың диалог пен өңірлік ынтымақтастық үшін платформа бола алатындығын дәлелдейтінін атап өтті.

Іс-шара барысында ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Зүлфия Сүлейменова 2026 жылғы сәуірде Астана қаласында өткен Өңірлік экологиялық саммит аясындағы Қазақстанның бастамасы бойынша консультациялардың бірінші кезеңінің қорытындылары туралы баяндады.

Бұл пікірталастар бастаманы одан әрі ілгерілету барысында басты назар аударуды қажет ететін ең маңызды аспектілерді анықтауға мүмкіндік берді. Бірқатар мемлекеттер Қазақстанның бастамасын толығымен қолдайтынын және оны одан әрі ілгерілету жолында тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.

Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар