Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын өндірістік қуатын үш есеге және кірісін 12%-ға арттырды

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорынөндірістік қуатын үш есеге және кірісін 12%-ға арттырды. 

Мемлекеттік қолдау шаралары еліміздің өнеркәсіп саласының дамуына серпін беріп, кәсіпорындардың нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуде. Бүгінде өнеркәсіпорындары тарапынан технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеу тетіктеріне сұраныс артып отыр. Бұл отандық кәсіпорындар үшін қаржылық жүктемелерін азайтып, өндірістік парктерін жаңартуға және жаңа желілерді іске қосуға мүмкіндік беретін маңызды ынталандыру құралына айналуда.

Мемлекеттік ынталандыру шараларының тиімділігінің айқын мысалы ретінде Астана қаласындағы металл конструкцияларын өндіретін «Стальцинк» кәсіпорнын атауға болады. Бүгінде кәсіпорын жол қауіпсіздігіне арналған тосқауылдық қоршаулар шығарады, сондай-ақ ыстық мырыштау қызметін көрсетеді.

Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 32 мың тонна дайын өнім. Бұл әлеует оны Қазақстандағы жол қоршауларын өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі ретінде тануға мүмкіндік береді. Мұндай ауқымдағы компаниялар үшін автоматтандырылған жаңа өндірістік желілерді енгізуді қамтитын технологиялық даму ерекше маңызды. Бұл өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға ғана емес, сонымен қатар құрылыс және жол салаларының өсіп отырған сұранысына жеделәрі лайықты жауап беруге мүмкіндік береді.

Зауыт басшылығы металды тесу және кесуге арналған жоғары технологиялық құрамдастырылған желіні, сондай-ақ плазмалық кесу машинасын сатып алды. Жабдықты іске қосу нәтижесінде кәсіпорын электр беру желілеріне арналған металл анкерлік-бұрыштық тіректер өндірісін жолға қойды. Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл өнімге сұраныс артып келеді. Сатып алынған жабдық «Стальцинкке» аталған өнімді қысқа мерзімде игеруге мүмкіндік берді.

«Біз жабдықты сатып алғаннан кейін мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалану туралы шешім қабылдап, QazIndustry орталығына жүгіндік. Орталық жабдық құнының 40 пайызын– 17,4 млн теңгені өтеп берді. Мен мұны отандық кәсіпорындарды қолдаудың өте тиімді тетігі деп санаймын», – дейді «Стальцинк» ЖШС директоры Берік Медянов.

Бұл орнатылған жабдық жаңа өнім түрін шығарудан бөлек, зауытқа бұрын сырттан сатып алынатын өнім түрлерін өздерінде өндіруге мүмкіндік берді, бұл кәсіпорын кірісін кем дегенде12%-ға арттырды. Бұрын жол қоршауларына арналған тіректерді өндіру екі кезеңде жүзеге асырылса, қазіргі таңда бұл үдеріс бір кезеңде орындалады. Жабдықтың өндірістік қуаты үш есеге артты. Автоматтандыру үдерістері зауытқақызметкерлер санын қысқартуға емес, керісінше жұмыс орындарын сақтап қалуға, ішкі тұрақтылықты нығайтуға оң әсерін тигізді. Кірістердің өсуі және жаңа нарық сегменттеріне шығу нәтижесінде кәсіпорын 100-ден астам қызметкерден тұратын ұжымын ұзақ мерзімді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Айта кетейік, QazIndustry – өнеркәсіпті ынталандыру шараларының ұлттық операторы. Ол кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындарының 40 %-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өтемақы көлемі 1,4 млрд теңгеден асты. Биылғы бес айда шамамен 76 млн теңге қаржы өтелген.

Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ынталандыру құралдарын кеңейтті. Атап айтқанда, отандық кәсіпорындарға ел ішінде басым тауарларды теміржол көлігімен тасымалдау шығындарының 50%-ын өтеу тетігі қосылып, халықаралық сертификаттау шығындарын өтеу көлемі бірнеше есеге ұлғайтылды.

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат https://qazindustry.gov.kz/ruсайтында («Бизнеске ынталандыру» бөлімі) орналастырылған. Сонымен қатар, QazIndustry кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) әр сейсенбі және бейсенбі күндері Ашық есік күндері өткізіледі. Кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) байланыс телефонына хабарласуға болады.

Дереккөз: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар