
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, кредиттік есеп – азаматтың немесе заңды тұлғаның атына рәсімделген барлық қарыздар мен кредиттер, сондай-ақ оларды өтеу тәртібі туралы ақпаратты қамтитын ресми құжат.
Кредиттік тарих алғашқы қарыз рәсімделген сәттен бастап қалыптасады. Бұл ақпаратты банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа кредит беру туралы өтінімдерді қарау кезінде қарыз алушының төлем тәртібін бағалау үшін пайдаланады. Агенттік өкілдерінің айтуынша, оң кредиттік тарих азаматтың болашақта қаржы ұйымдарынан қарыз алу мүмкіндігін арттырып, неғұрлым тиімді шарттармен кредит рәсімдеуіне көмектеседі.
Қазақстан азаматтары жылына бір рет дербес кредиттік есебін тегін алуға құқылы. Ал сол күнтізбелік жыл ішінде қайта сұратылған есеп ақылы негізде беріледі.
Кредиттік есепті бірнеше тәсілмен алуға болады:
- Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы;
- eGov.kz порталы арқылы;
- ХҚКО мен «Қазпошта» бөлімшелерінде;
- Бірінші кредиттік бюро кеңсесінде;
- Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы.
Егер есепте өтелген қарыздың көрсетілуі немесе толық жабылған кредит бойынша кешіктірудің тіркелуі сияқты қате мәліметтер анықталса, Агенттік тиісті банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгінуге кеңес береді. Бұл ретте шағымды растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет.
Сондай-ақ Бірінші кредиттік бюроның деректерінде қате ақпарат көрсетілген жағдайда, азаматтар оны бюроның ресми сайты арқылы тегін даулауға мүмкіндік алады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қауіпсіздікті күшейту үшін кредиттік тарихты тұрақты бақылауды ұсынады. Ол үшін «Кредиттік тарихты бақылау» қызметін қосуға болады. Бұл сервис жаңа қарыздың рәсімделуі, төлем мерзімінің кешігуі, берешек көлемінің өзгеруі және кредиттік тарихтағы өзге де өзгерістер туралы хабарлама алып отыруға мүмкіндік береді. Қызметті eGov.kz порталы немесе Бірінші кредиттік бюроның сайты мен мобильді қосымшасы арқылы қосуға болады.
Дереккөз: https://nofake.kz/kk/kredittik-tarihyngyzdy-qalaj-tekserwge-bolady/


