
Қазақстан Республикасының Конституциясы елдің болашақтағы дамуын білім, ғылым, инновация, табиғатты қорғау және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік құндылықтарымен байланыстырады. Бұл қағидаттар қоршаған ортаны сақтау мен тарихи-мәдени мұраға қамқорлық жасаудың маңызын айқындайды.
Конституцияға сәйкес, азаматтар табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті.
Сонымен қатар мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Осыған орай, экологиялық мәдениетті қалыптастыру тек жекелеген іс-шаралармен шектелмей, күнделікті өмір салтының ажырамас бөлігіне айналуы қажет.
Бұл бағытта елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, суды үнемдеу, табиғи аумақтарды сақтау және экологиялық бастамаларға қатысу маңызды рөл атқарады. «Таза Қазақстан» сияқты қоғамдық бастамалар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, ұлттық мұраға құрметпен қарау және оны келер ұрпаққа жеткізу де азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі саналады.
Бүгінгі ұрпақтың табиғатқа, қоршаған ортаға және тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы болашақтың қандай болатынына тікелей әсер етеді. Сондықтан Конституцияда бекітілген жауапкершілік қағидаттарын күнделікті өмірде ұстану – ортақ міндет.


