
Тегеран АҚШ президенті Дональд Трамптың екі ел арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі басталғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды. Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаидің айтуынша, қазір тараптар арасында ешқандай келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ.
Сондай-ақ жақын күндері Вашингтоннан ресми өкілдерді қабылдау немесе Иран делегациясын АҚШ-қа жіберу жоспарланбаған. Сөзінше, Иранның барлық келіссөз жүргізушілері ел аумағында. Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи ғана Иракқа діни сапармен барған.
Иран СІМ өкілі бүгінде Оманмен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қатысты мәселелер ғана талқыланып жатқанын айтты. Оның айтуынша, екі бағытта да кемелердің қауіпсіз жүруіне арналған ықтимал теңіз дәлізін құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл келіссөздердің Ормуз бұғазын толық ашу мәселесіне қатысы жоқ екені белгілі болды.
Дереккөз: t.me/atamekenbusiness_qaz


