Ирандағы соғыс туризмді тежеді

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Еуропалықтар ұшаққа билет алмас бұрын, ойланып алғаны абзал. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Авиациялық реттеуші мекеме Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы арқылы ұшу қауіпті екенін еске салып, қауіпсіздік мерзімін 24 сәуірге дейін ұзартты. 

Туристер де жер-жаһанды шарлауға құлықсыз. Алысқа ұзап шықпауға тырысады. Мәселе қауіпсіздік қана емес, туризм қалтаға да едәуір салмақ сала бастады.

Халықаралық әуежайлар қауымдастығы «Егер Ормуз бұғазы алдағы үш апта ішінде ашылмаса, Еуропа әуежайлары авиациялық отынсыз қалуы мүмкін» деп ескертеді. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай әуе тасымалы мен әуежайлардың жұмысына орасан зор кедергі келтірмек.

Негізгі салмақ қарапайым жолаушылардың қалтасына түскелі тұр. Өйткені отын бағасы өссе, әуе билеттері де қымбаттауы ықтимал. Сондықтан Кәрі құрлықтағы туристер алыс әрі тәуекелі жоғары бағыттардан бас тартып, ішкі туризмді қанағат тұтуға мәжбүр.

Туроператорлар мен әуе компаниялары да жаңа жұмыс тәсіліне көшті. Олар бұрынғыдай жай ғана тур сатып, жайбарақат отыра алмайды, тұтынушының асты-үстіне түсіп, бағыттың қауіпсіз екенін айтып сендіруге тырысуда. Саяхатшылар болса, ауыстыруға не қайтаруға болатын билет сұрап, тәуекелдің барынша аз болуын талап етіп жатыр.

Бенджамин Якоби, TUI туристік компаниясы Германиядағы бөлімшесінің басшысы

– Сұраныс, әрине, төмендейді. Бірақ барлығы қарулы қақтығыстың қалай өрбитініне байланысты. Біздің компания демалушылар сұранысының Батыс Жерорта теңізі бағытына қарай ауып жатқанын байқап отыр. Қазіргі жағдай өте тұрақсыз.

Еурокомиссияның айтуынша, ЕуроОдақ елдері әзірге авиациялық отын тапшылығын сезінген жоқ. Бірақ тәуекел жоғары. Мамандар: «Жағдай шиеленіссе, бірнеше аптадан кейін авиаотын жетіспеушілігі туындап, туризм саласына кері әсері күшейеді, деп отыр. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Дереккөз: 24.kz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp