
Израиль Ираннан кейін келесі қарсыласы ретінде Түркияны нысанаға алуы мүмкін. Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан жергілікті Анадолу агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, ресми Тель-Авив қазір басты назарды Иранмен қақтығысқа аударып отыр, бірақ бұл саясат ұзаққа созылмауы мүмкін. Себебі Израиль үнемі жаңа қауіп қалыптастыруға бейім. «Бұған Түркияның Палестина мәселесіне қатысты белсенді ұстанымы Израильге дұшпан ел ретінде қарастыруға негіз болуы ықтимал», – дейді. Сондай-ақ Фидан сұхбатында Таяу Шығыстағы жалпы жағдай мен аймақта Израильдің әскери белсенділігінің артуына ерекше тоқталды.
Хакан Фидан, Түркия Сыртқы істер министрі:
– Израиль Ираннан кейін қарсылассыз өмір сүре алмайды. Сондықтан ол белгілі бір риторика қалыптастырып отыр. Біз тек Нетаньяху үкіметін ғана емес, оппозициядағы кейбір тұлғалардың да Түркияны жаңа қарсылас ретінде көрсетуге бейім екенін байқап отырмыз. Алдымен бұл үрдіс Израильде қоғамдық-саяси пікір деңгейінде қалыптасады, кейін ол мемлекеттік стратегияға айналып, ресми саясатқа ұласуы мүмкін.
Дереккөз: 24.kz


