Жеңілдетілген лизинг көлемі 350 млрд теңгеге жетті

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Елімізде шаруалардың заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуына көрсетілетін мемлекеттік қолдау жыл сайын артып келеді. Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасына бөлінген қаржы көлемі 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бағдарламаның игілігін, әсіресе, шағын және орта шаруашылықтар көріп отыр. Мәселен, өткен жылы лизинг алушылардың 99,9%-ын осы санаттағы кәсіпкерлер құрады.

Ауыл шаруашылығының өркендеуі, ең алдымен, шаруалардың техникалық базасын жаңартуға байланысты. Заманауи техника еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, егіс және орақ науқандарын уақытылы өткізуге, шығындарды азайтуға әрі мол өнім алуға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жаңа техника сатып алуын жеңілдету мақсатында жеңілдетілген лизинг бағдарламасын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді.

Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен, 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Бастапқы жарна техника құнының 10%-ынан басталады. Мұндай тиімді шарттар шаруалардың қаржылық жүктемесін жеңілдетіп, қомақты қаражатты бірден жұмсамай-ақ техника паркін жаңартуына мүмкіндік береді.

Бұл тетік, әсіресе, шағын және орта шаруашылықтар үшін маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жеңілдетілген лизинг алушылардың 98,1%-ы шағын бизнес өкілдері болса, 1,8%-ы орта бизнес субъектілері болды. Ал ірі кәсіпорындардың үлесі небәрі 0,1%-ды құрады. Бұл жеңілдетілген лизингтің, ең алдымен, ауылдағы шағын және орта шаруашылықтарды қолдауға бағытталғанын көрсетеді.

Бағдарлама аясындағы қолдау көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы жеңілдетілген лизингке 120 млрд теңге бөлініп, соның арқасында 3,9 мың шаруашылық 4,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. 2025 жылы қаржыландыру көлемі 250 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 4,4 мыңнан астам шаруашылық 9 мың бірлік техникамен толықты.

Ал 2026 жылы бағдарламаға бөлінген қаржы көлемі 350 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жалпы сомасы 294 млрд теңгені құрайтын 8,2 мың лизинг шарты жасалды. Нәтижесінде шаруашылықтарға 9,3 мыңнан астам жаңа техника жеткізіледі.

Осылайша, екі жыл ішінде бағдарламаны қаржыландыру көлемі үш есеге жуық артты. Ал жеңілдетілген лизингпен қамтылған шаруашылықтар саны 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсті.

Техниканы жаңарту – шаруашылықты жаңа машиналармен толықтыру ғана емес, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыратын маңызды қадам. Жаңа техника егіс және жиын-терін жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, жанар-жағармай мен техниканы күтіп ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі түптеп келгенде өндірістік шығындарды қысқартып, өнім өндіру тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жеңілдетілген қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізу мүмкіндігін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Бұл жұмыс ауыл шаруашылығы техникасын жүйелі түрде жаңартуға, шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін нығайтуға және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған.

Дереккөз: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар