
Франция, Испания, Португалия, Грекия және Румыния елдері орман өрттері мен аптап ыстық салдарынан 3,1 млрд еуро шығынға батты. Бұл көрсеткіш Еуропалық комиссия жариялаған орташа жылдық бағалаудан әлдеқайда жоғары. Бұл туралы Financial Times жазды.
Басылым өз есептеулерінде Еуропалық комиссия қолданатын әдістемеге сүйенген. Онда өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге кететін шығындар негізге алынып, олардың экономикалық құны бағаланған. Бір гектар жерді қалпына келтіру құны әр елде әртүрлі. Бұл өсімдік жамылғысының ерекшелігіне байланысты. Financial Times мәліметінше, орман өрті маусымының алғашқы екі айының өзінде аталған бес елде 500 мың гектарға жуық аумақты өрт шарпыған. Десек те, нақты шығын көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.
Дереккөз: t.me/atamekenbusiness_qaz


