Діни экстремизм және терроризмге қарсы күрес

Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты түсініктер. Екеуі де өз мақсатына жету жолдарында зорлық-зомбылық, психологиялық және физикалық күш көрсету, мәжбүрлеу, тіпті қан төгу сынды әдістерді қолданады. 

   Жалпы экстремизм деп жекелеген тұлғалардың не топтардың шектен шыққан радикалды көзқарастағы идеяларды қолдауларын немесе таратуларын айтамыз. Ал терроризм осы экстремизмнің орын алуының анағұрлым жаһандық және әбден асқынған формасы деп айтуға болады. 

    Ерлан Қарин «Терроризм в Казахстане: от виртуального к реальному» атты еңбегінде Қазақстанда терроризмнің ертеректе көрініс бергеніне айтады. 1992 жылы Шымкент әуежайында тұтқынға адам алу, 2000 жылы Алматыда қаруланған экстремистік топты жою операциясы. Айтуынша, жергілікті экстремизм мен терроризмге қылмыстық сипат тән.   ҚР  Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, экстремистер құрығына түсіп жатқандардың 80  пайызын жұмыссыз жастар құрауда. Қазақстанда дінге бет бұрғандардың басым бөлігін жастар құрағанмен, экстремистер қатарына қосылып жатқандар да негізінен жастар.  

    2011 жылы Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында орын алған оқиғалар республикада халықаралық терроризм барын байқатты. Ел мемлекет пен адамзатқа қарсы әрекеттен, нақтырақ айтқанда, тұтқынға адам алу, құқық қорғау өкілдерін ашық өлтіруден террордың түрлі формаларына куә болды.

   Қазақстанда діни экстремизмнің тағы бір көрінісі отандастардың Сирияға кетіп, жихад деп сондағы соғысқа қатысу жағдайларын айтсақ болады. Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің пікірінше, жастардың Сирияға кетуіне интернет кеңістігіндегі ақпараттар себеп. «Шетелдегі жағдайлар интернет арқылы халыққа тарауда. Жастар интернеттегі бейнероликтерді көріп радикалдануда».  Қазіргі таңда әлемнің күнделікті құбылмалы және өзгермелі екеніне байланысты (пандемия, карантин, жаңа талаптар) барлық ақпараттар ғаламтор арқылы іске асуда.  Қазір бәріміз ғаламторды белсенді пайдаланып отырғанымызды ескерсек, үйде отырып-ақ экстремистік идеологиялардың шырмауына түсу қаупіне ұшырау мүмкіндігі барын айтуымыз керек.

    Қазірде Діни экстремизмнің  алдын алу және одан сақтандыруда республика көлемінде кешенді шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, халықтың діни сауаттылығы мен патриотизмін көтеру; ақпараттық түсіндіру жұмыстарының пәрменділігін арттыру; , экстремизм мен терроризмді зерттеуді қолдау; экстремизм мен терроризммен айналысатын мемлекеттік орган қызметкерлерінің дайындық деңгейін көтеру,; қалалық және ауылдық жерлерде қауіпсіздік қызметінің жұмысын жақсарту; интернет кеңістігіндегі діни сайттарға мониторинг жүргізіп отыру; қалада бейнебақылау камераларының санын арттыру; мектеп оқушыларының дінтанулық сауатын көтеру; елдегі жағдайы нашар мекендердің экономикалық әл-ауқатын көтеру және т.б.

   Діни экстремизмнің Қазақстанда орын алуы қылмыстық сипат алуымен ерекшеленеді. Бүгінде Қазақстан Республикасы аумағында діни экстремизммен күрес қарқынды жүруде. Діни экстремизмнің алдын алуда бұдан басқа да мына жағдайда жұмыс жасауымыз қажет: мешіттер жанындағы діни сауат ашу курсының жұмыстарын жетілдіру, жастармен кездесулер жиі өткізіп, әсіре діншіл ағымдардың іс-әрекеттерін әшкерелеп отыру, исламның ғылыми-ағарту бағытына серпін беру, жастарға ұлттық менталитет пен мәдениетті дәріптеу, ақпараттық түсіндіру топтары жұмыстарының сапасын арттыру, болашақ исламтану, дінтанушы мамандарды жекелеген діни ағымдарды ғылыми-зерттеуге, мамандануға бағыттау және т.б.

Автор: Базарайым Исрайл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Исламтану кафедрасының 4-курс студенті  

Фото: ашық ғаламтордан алынды.

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар