
Мемлекет басшысының өкімімен генерал-майор Алмаз Жұмакеев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Алмаз Жұмакеев 1970 жылғы 6 наурызда Пржевальск қаласында (қазіргі Ыстықкөл облысы) дүниеге келген. 1992 жылы Ленин комсомолы атындағы Рязань жоғары әуе-десанттық командалық училищесін бітірген.
Әскери қызметін Десанттық-шабуылдау әскерлерінде бастаған. Әр жылдары взвод, батальон командирі, штаб бастығы және әскери бөлім командирі қызметтерін атқарған. Әскери басқару органдарында жетекші лауазымдарда қызмет етіп, Бас штабтың Жауынгерлік дайындық департаментін басқарған. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары болған.
2022 жылғы наурыз айынан бастап Қазақстан Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерін басқарды.
ІІ дәрежелі «Айбын», ІІ және І дәрежелі «Данқ» ордендерімен марапатталған.
Дереккөз: ҚР Қорғаныс министрлігі


