
Конституцияда табиғатты қорғау, табиғи байлықтарға ұқыпты қарау және адам өміріне қолайлы қоршаған ортаны сақтау маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындалған.
Бұл – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Қоршаған ортаның тазалығы мен қауіпсіздігі әр азаматтың күнделікті әрекетіне байланысты.
Ауланы таза ұстау, қоқысты белгіленген орынға тастау, суды үнемдеу, ағаш отырғызу, табиғи аумақтарға зиян келтірмеу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге бастайды.
Өңірлерде абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық акциялардың өткізілуі осы мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар да туған жерге деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге болашақ ұрпаққа табиғи байлықпен қатар, тарихи және мәдени мұраны да сақтауымыз қажет. Тарихи ескерткіштерді қорғау, мәдени нысандарға ұқыпты қарау және туған өлкенің тарихын дәріптеу – ұлттық құндылықтарды келешекке жеткізудің маңызды жолы.
Біздің бүгінгі таңдаған жолымыз ертеңгі ұрпақтың өміріне әсер етеді. Сондықтан табиғатты қорғау мен тарихи мұраны сақтау – бір күндік науқан емес, тұрақты азаматтық жауапкершілік.
Болашақ ұрпаққа қандай ел қалдырамыз – бұл бүгінгі әрекетімізге байланысты.


